Қостанай құрылыс колледжі КМҚК мен БК-СТРОЙ ААҚ арасындағы серіктестік  аясында, алдын ала келісім бойынша, аталған колледжінің «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығын мемлекеттік тілде меңгеріп жатқан 5ҒҚСП-1тобының студенттері төртінші қазанда саяхатқа аттанды. Құрылыс нысанының басында студенттер мен оқытушыларды құрылыс прорабы Усельцев Сергей Васильевич күтіп алды да, қысқаша техника кауіпсіздігінен мәлімет беріп, каска таратты. Бірден барлығымыз салынып жатқан нысанның ауласына қарай бет алдық, бұл жерде ол кісі алты қабатты сегіз үй құрылысының қарқынды жүріп жатқанын, екі үйдің 100% қолануға беруге даяр екені туралы және осы ғимараттарға қарасты ауланы көркейту, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны жайында айтты.

Студенттерге жобаны орындау кезінде климат жағдайларына және геологиялық жұмыстарға аса жоғары мән беру керек екендігіне көңіл бөлді. Прорабпен бірге нөлдік жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарға жақындадық. Бұл жерде ол кісі студенттерге құрылыс уақытын тездету үшін жер жұмыстары мен іргетас жұмыстарын қатар жүргізетіндіктерін іс жүзінде көрсете білді. Ғимараттың оң жақ жартысында іргетас блоктары орнатылып жатса, сол жақ бөлігінде ұңғыманы қазу, тегістеу, арматура байлап дәнекерлеу және В35 маркалы бетон құю жұмыстары қатарласа жүргізіліп жатты.

Нысандардың салыну кезеңдеріне қарай, студенттер Сергей Васильевичке өздерін қызықтыратын, болашақ мамандықтарының қыр сыры танымдарын кеңейту жолында келесі «Ғимараттар іргетасы қандай тереңдікке орнатылған, іргетас сырты қандай материалмен өңделеді, кранның қандай түрлері қолданылады, прорабтың жұмысы ауыр ма, жалақысы қандай» сұрақтарды қойды. Құрылыс прорабы бұл сұрақтарға білікті маман ретінде асықпай, өз кәсібінің майталманы екенін танытып, студенттердің қызығушылығын арттыра жауаптар берді. Сонымен қатар студенттердің мамандық таңдауда дұрыс жол таңдағандарын және осы оқу орнында білікті оқытушылар сабақ беретіні жөнінде, өзінің аталған колледжде оқып жүріп осы мекемеде өнеркәсіптік, дипломалды тәжірибелерін өтіп жүріп, болашақта білімі толық, өз ісіне тиянақты екенін көрсете білген студент, 2011 жылы оқу орнын тәмәмдап, еңбек жолын бетоншы кәсібінен бастап, кейіннен құрылыс шебері болып, қазіргі таңда прораб деңгейіне дейін көтерілгенін және таңдаған кәсібінің өзіне өте ұнайтыны туралы айтып кетті. Студенттердің прораб қандай болу керек деген сұрақтарына, ең алдымен жауапкершілігі мол, білімі терең, еліміздегі және бүкіл әлемдегі озық технологияларды күнделікті ғаламтордан, газет, журналдардан оқып, жұмыс барысында қолдана білетін жан-жақты болуы қажет деді. Прораб жұмысының күрделілігі сонша, тіпті екі ауысымда жұмыс атқарғаннан кейін, үйде отырып келесі күннің жоспарын қарастыратынына тоқталды. Құрылыс нысанының ішіне кірген бетте Сергей Васильевич студенттерді әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатқан бригадалардың жұмыстарымен таныстырды, бұл жерде біздің колледжді 2014 жылы бітірген түлектері Кузнецов Сергей мен Пак Станислав әрлеу жұмыстарының шеберлері болып жұмыс атқарып жатқандарын айтты. Екеуінің де өз қарамағында бірнеше жұмысшылар бригадасы бар екенін және сол бригадалардың жұмыстарын технологиялық жағынан дұрыс ұйымдастыра білетін білікті мамандар екендігін сөзге арқау етті.

Студенттердің құрылысқа жасаған саяхаттары, сонымен қатар прорабпен өзара жасаған сұхбаттарына қарап, олардың болашақ мамандықтарына деген қызығушылығы артып, осы мандықты дұрыс таңдай  білгендеріне көздері жетті  деп айтуға болады.

Болашақ мамандыққа саяхат